Сенат бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы хатшылығының кадр мәселесіне арналған құжатты мақұлдады. Ұйым аясында биологиялық, әрі пандемиялық қатерлердің алдын алып, қарсы тұру мақсатында үйлестіру кеңесі құрылды. 1 қаңтардан бастап Ұйымға төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтеді. Минскіде өткен жиында Мемлекет басшысы Ұйым қызметі бойынша басым бағыттарды айқындап берген болатын. Сондықтан заңның қабылдануы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді дейді Сенат депутаты. Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Хаттама Жарғының 8-ші және 17-баптарына толықтырулар енгізуді көздейді. Біріншіден, Жарғының 8-бабына Ұйымға мүше мемлекеттерге биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты Ұйымға мүше мемлекеттер биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауды бастады. Бұл -сенаттың осы жылғы қорытынды отырысы. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Парламентке қатысты енгізілген Конституциялық өзгерістер биыл қолданысқа енді. Соның нәтижесінде палаталарының рөлі мен ықпалы артты. Биыл Парламент 92 заң қабылдаған. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Жыл басында Президенттің Жарлығымен Сенаттың 10 депутаты тағайындалды. Оның 5-еуі алғаш рет ҚХА-дан ұсынылды. Сондай-ақ өңірлерімізде Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтіп, қатарымыз айтарлықтай жаңарды. Мәжіліс таратылғанда Сенат екі ай бойы Мәжілістің міндетін абыроймен атқарды.