Орталық сайлау комиссиясы Парламент құрамына кіруге ниетті 7 партияның бюллетеньдегі реттілік нөмірін жеребе арқылы таңдады. «Amanat» партиясы бірінші. Одан кейін «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық партиясы, «Байтақ» партиясы, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы орналасты. Айта кетейік, бюллетеньге «Барлығына қарсы» бағаны да енгізілген. Бұл тәртіп мәслихат депутаттарын сайлауда да қолданылатын болады деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы.Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл тәртіп пропорционалды жүйе бойынша сайланатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттарының депутаттарын сайлауда тиісті өңір бойынша, саяси партиялардың тіркелген партиялық тізімдерін ескере отырып, аумақтық сайлау комиссияларының сайлау бюллетеньдерінің мәтіндерін бекіту кезінде пайдаланылатын болады. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы бір мандатты округтер бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға кандидаттарды ұсыну науқанын қорытындылады. Мәжіліс сайлауына мажоритар бір мандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған. Оның 525-і өзін-өзі ұсынған, ал қалған 84-і қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар атынан ұсынылған.