Сенат сайлауының алдын ала нәтижесі жарияланды. Саяси науқанда жоғарғы палатадан орын алуға барлығы 55 кандидат таласты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, әр өңірден көп дауыс жинаған 20 сенатордың 17-сі ер адам болса, үшеуі әйел. Орташа жасы 54 жасты құрайды. Сайлаушылардың 90 пайыздан астамы дауыс берген.Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Сенат сайлауында кандидаттардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынды, бұл қазіргі уақытта қоғамда саясатқа белсене қатысуға деген құлшыныс артып отырғанын білдіреді. Өңірлік сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, сайлауға 3167 дауыс берушінің 2 904-і немесе 91,7%-ы қатысты. Барлық дауыс беруші "Барлығына қарсы" бағанасын пайдалана алды. Дауыс беру күні сенім білдірілген адамдар, саяси партиялардың және басқа да қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар мен БАҚ ішінен барлығы 235 адам бақылаушы ретінде қатысты. Еске сала кетейік, 14 қаңтар күні Сенат сайлауы өтті. Елде Сенат депутаттары жанама сайлау әдісі арқылы сайланды. Тек мәслихат депутаттары дауыс берді. Сайлау ережесі бойынша, тұрғындар дауыс бере алмайды. Ә. Дүкембаева