Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Атырауда болып, аймақ депутаттарымен, студенттермен кездесті. Ел экономикасы әлеуетінің артуына облыстың қосып отырған үлесі зор. Шетел инвестициясын тарту бойынша көш бастайды. Былтыр аймаққа 2,4 трлн теңгенің инвестициясы құйылды. Өнеркәсіп көлемі де артып келеді. Дегенмен донор өңірде шешілмеген проблемалар да бар. Әсіресе, экология мәселесі, ауаның ластануы мен Жайық пен Каспий жайы, балықтың азаюы, инженерлік-энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі – өзекті. Кездесуге келгендер жоғары палата басшысына ол туралы толығырақ айтты. Мәулен Әшімбаев басты проблемаларға қаржы бөлінетін жеткізді. Сондай-ақ елдің саяси кеңістігіндегі реформаларға тоқталды. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы аптада «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты.Жалпы, өткен жылы азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуына кепіл болатын жоғарғы орган – Конституциялық Сот жұмысын бастады. Сондай-ақ, Сенат төрағасы белсенді жастармен кездесіп, елдің дамуы туралы ой бөлісті. Өскелең ұрпақтың көкейінде сауал көп. Әсіресе қоғамда қызу талқыланған зорлық-зомбылық, есірткімен күрес, ерте жүктіліктің алдын-алу үшін нақты шараларына мән беруді сұрайды. Жастардың талап-тілектерін тыңдаған Әшімбаев ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, үздіксіз білім алуға шақырды. Жастардың әлеуетін арттыратын жобалар іске асырыла береді,- деді.