Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның бір топ депутатымен бірге әйелдерге арналған «Бақытты отбасы» білім және ақпараттық-консультациялық орталығына барды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.Орталықтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада «Бақытты отбасы», бірінші кезекте, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз, қиын жағдайға тап болған және жалғызбасты аналарға жан-жақты қолдау көрсететін платформа екенін айтты. Мекемеде мамандандырылған кабинеттер жұмыс істейді. Сондай-ақ кондитерлік іс, тоқыма, ағылшын тілі, жұмсақ ойыншықтар тігу және тағы басқа кәсіп түрлерін үйрететін тегін курстар қарастырылған. Мұның бәрі әйелдерге өзін өзі дамытуға және жеке кәсібін бастауға жол ашатын қадамдар екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев әйелдер құқығын қорғауда және инклюзивті Қазақстан қалыптастыруда осындай орталықтардың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды қолдауға және оларды оңалтуға, аталған санаттағы азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласып, жұмыспен қамтылуына арналған шаралардың берері мол екені айтылды. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға арналған заңдар әзірленіп, қабылданды. Осы заңдар арқылы мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастыруға жауапты уәкілетті органның мәртебесі айқындалды. Өмірде қиын жағдайға ұшыраған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылды. Сондай-ақ әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстың жауапкершілігі күшейтілді. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы бағыттағы міндеттерді іске асыруда «Бақытты отбасы» сияқты орталықтар маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта біздің бірлескен жұмысымыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жайлы жағдай жасауға және отбасы институтын нығайтуға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Іс-шара соңында Орталық басшысы жаңа бастамаларға қолдау білдіріп, ынтымақтастық танытқаны үшін сенаторларға алғыс айтты. Сондай-ақ ол алдағы жоспарларына тоқталып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа ұсыныстарын атап өтті.