Сенатор Жанболат Жөргенбаев елдегі суды жоспарлау, бақылау және пайдалану жүйесінің тиімсіздігі туралы мәселе көтерді. Салдарынан проблема біз ойлағаннан да ауқымды болып шықты. Депутаттың айтуынша, Бортоғай су қоймасы мен Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қарамағында, ал жұмыс беруші облыстық әкімдікке қарасты кәсіпорын. Осы тұрғыда суды тиімді пайдалану үшін бірыңғай операторды белгілеу туралы мәселені пысықтау маңызды дейді. Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Мамандардың пікірінше, аталған кәсіпорындарды Республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беретін болса облыстық коммуналды кәсіпорын өзінің тарифын анықтап, бірыңғай оператор ретінде қызмет көрсете алады. Су саласындағы мамандарды алаңдатып отырған үлкен мәселенің бірі - кейбір су шаруашылығы құрылымдарының жеке тұлғалардың меншігіне өтуі. Іс жүзінде меншік иесі нысандардың жәй-күйін жақсартуға ешқандай инвестиция салмайды дейді депутат. Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Жеке-меншікке өткен су құрылыстарын түгендеу жұмыстарын жүргізіп, оларды Республикалық немесе коммуналдық меншікке қайта қайтару мәселесін пысықтаған жөн.