Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль алды, деп хабарлайды Kazinform.Әлем чемпионатына әуесқой спортшылар қатыса алады. Қазақстандық құрама финалда Румыниямен шеберлік байқасты. Ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды. Кездесу барысында қазақстандықтар басым тұрған еді. Ойын аяқталар тұста румыниялық футболшылар таразы басын теңестіріп кетті. Пенальти тебуде ел құрамасы қарсыласына 11:12 есебімен есе жіберіп қойды. Осылайша олар әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ел құрамасы А тобында сынға түсті. Бұл кезеңде Гананы 7:0, Үндістанды 16:0, Біріккен Араб әмірлігін 2:1 есебімен жеңді. Одан кейін жарыс сатысында Мексика (0:0, 2:1 - пенальтиден), Чехияны (3:3, 3:2 - пенальтиден), Әзербайжанды (3:2) қапы қалдырды. Айта кетсек, бұған дейін ел құрамасы 2015, 2017 жылдарда 11-орын алған еді.