Әлеуметтік желіде Алматы облысы, Шамалған ауылында бір топ жаспірімнің 44, 45 жастағы ер адамды соққыға жыққаны туралы видео тарады.Видеодағы жазбада соққыға жығылғандардың бірі ауыр соққылар алып, ауруханаға жатқызылғаны жазылған. Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 25 қараша күні Қарасай ауданының полиция басқармасына 1981 жылғы әйел шағым түсірген. Ол жолдасын белгісіз біреулердің соққыға жыққаны туралы шағымданған. Аталған деректі аудандық полиция ҚР ҚК-нің 293-бабы екінші бөлігінің 1-тармағы (бұзақылық) бойынша тіркеді. «Жедел-іздестіру шаралары барысында 2006, 2008 жылы туған төрт жасөспірім және 2007 жылы туған екі жасөспірім анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта аталған деректі жан-жақты зерттеу үшін тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінде. Өзге ақпараттар ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша жариялауға жатпайды.