Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласындағы газ құю бекетінде болған жарылыстан зардап шеккен станция жүргізушісі мен жұмысшы қайтыс болды. Науқастар ауруханаға термиялық күйікпен түсіп, 48 сағаттан кейін көз жұмды. Зардап шеккендерге көмек ретінде аудандық ауруханаға санавиация қызметінің 2 бригадасы жұмылдырылды, алайда ер кісілердің алған жарақаттары өте ауыр болғандықтан, дәрігердер олардың өмірін сақтап қала алмады.Сұлтанбек БЕЙТЕМІРОВ, ШЕМОНАИХА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЕМДЕУ БӨЛІМІ БОЙЫНША БАС ДӘРІГЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ер кісілердің күйіктері денелерінің 100% дерлік қамтыған. Түскен бетте жағдайлары өте ауыр болды. Дәрігерлер тәулік бойы олардың өмірі үшін күресті. Қолдан келген барлығын жасадық. Ауруханада керек-жарақтар, дәрілердің барлығы болды. Науқастарды тасымалдау мүмкіе емес болғаедықтан, барлық күшімізді осында жұмсадық. Марқұмдардың жасы 48 және 49-да болған. Зардап шеккен станция кассирі мен ер кісі қазір ауруханада. Дәрігерлердің сөзінше, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Еске сала кетейік, 22 маусым Шемонаиха қаласы Украинская көшесіндегі газ құю станциясында жарылыс болды. Төтенше жағдайлар қызметінің алдын ала мәліметіне сәйкес, жанармай құйылған көліктің шлангісі істен шығып, от тұтанған. Салдарынан 4 адам жарақаттанып, 5 техника өртеніп кетті. Облыс әкімі төтенше жағдайды егжей-тегжейлі талдап, ұқсас нысандарда жағдайдың қайталануына жол бермеуді тапсырды.