Орал қаласының маңындағы бағбандық үшін берілетін жердің соншалықты арзан бағаға сатылғаны құқықтық орган қызметкерлерінің таңданысын тудырған.БҚО-да аудандық жер қатынастар бөлімінің бастығы заңсыз жер телімін беріп, оның салдарынан мемлекетке аса ірі залал келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды өңірдің прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.БҚО Бәйтерек ауданы прокуратурасы жер телімдерін беру заңдылығын тексеру кезінде бір азаматқа бағбандықпен айналысу және саяжай салу үшін облыс орталығына (Орал қаласы) жақын жерден жалпы аумағы 40,0 гектар 2 жер телімі берілгені анықталған. Айта кетерлігі, мемлекеттен саяжай жер телімін сатып алу құны заңсыз төмендетілген және 4 000 соттық жер 765 мың теңгеге сатылған. Ал аталған жер телімдерінің шын мәніндегі нақты кадастырлық құны 119,8 млн теңге тең болған. Осылайша салдарынан мемлекетке аса ірі көлемдегі залал келтірілген. «Прокурорлық тексеру материалы СДТБТ-не тіркеліп, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр салдарға алып келу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық істің тергеуі Батыс Қазақстан облысының арнайы прокурорларына тапсырылды», - делінген хабарламада. Сот үкімімен Бәйтерек аудандық жер қатынастар бөлімінің бастығы ҚК-тің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтемек. Ал келтірілген залалды мемлекетке қайтарылмақ. Үкім заңды күшіне енген жоқ.