Бас прокуратурада ҰҚК, СЖҚІА, ҚМА, ІІМ-нің, аумақтық қылмыстық қудалау органдары мен прокуратура басшыларының қатысуымен күдікті адамдарды іздестірудің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.Бас прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы 3 жылда іздеудегі тұлғалардың саны 5 мыңнан 2,5 мыңға дейін, яғни екі есеге төмендеген. Қазіргі кезде 284 адам аса ауыр, 1553 адам ауыр, 574 адам орташа және онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатыр. 2023 жылдың басынан бері іздестіруге жарияланған 684 адамның 473-і ұсталды, бұл 70% құрайды. Ресей, АҚШ, Түркия, БАӘ, Қырғызстан, Өзбекстан және Украинадан бүгінгі таңда елге 95 азамат қайтарылды. Бұл қылмыстық қудалау органдарының үйлестірілген қызметі, іздестіру дерекқорларының күнделікті мониторингін ұйымдастыру және прокурорлық тексерулерді жүргізу, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл нәтижесінде мүмкін болды. Ұйымдық және құқықтық шаралар кешенінен басқа, қылмыскерлерді ұстау үшін цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бет-әлпетті танудың отандық алгоритмі жасалды, оның көмегімен 20-дан астам күдікті анықталды. 2022 жылдан бастап іздестіру жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін «электрондық іздестіру журналы» жүйесі іске асырылуда. Сонымен қатар кеңесте проблемалық мәселелер, оның ішінде шет мемлекеттердің аумағында қылмыскерлерді ұстауға тартылған полиция қызметкерлерінің штат санын көбейту, сондай-ақ іздеудегі адамдардан іс жүргізу шығындарын өндіріп алу қажеттігі айтылды. Іс-шара соңында қылмыстық қудалау органдарының басшылары мен облыс прокурорларына қылмыскерлерді іздестіру және экстрадициялау жөніндегі жұмысты күшейту ұсынылды. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасы тағайындалған күдіктілердің тергеу органдары мен соттарға келуінен жалтаруға жол бермеуге бағытталған ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шараларды қабылдау тапсырылды.