Шығыс Қазақстан облысында 60-қа жуық адамды кене шақты. Облыс бойынша кенеден зардап шегіп медициналық көмекке жүгінгендер саны 58 адамды құрап отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны – 34,5%. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл кене шаққандар саны 6 адамға азайған.«Аурудың алдын алу мақсатында кенеден зардап шеккен 56 адам иммуноглобулин алды. Ал 2 азамат эндемиялық аумаққа жатпайтын елді мекенде кене шағуына байланысты серопрофилактикамен қамтылмаған. Сәуір айы басталғалы өңір аумағында кене инфекцияларымен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ. Көп жылдық эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, ШҚО-да аурудың алғашқы жағдайлары мамыр айында тіркеледі», - дейді ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев.Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға аурудың алдын алу мақсатында қолданылатын иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде.Шығыс Қазақстан облысы бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларында.