Шығыс Қазақстан облысында аударылып түскен ауыр жүк көлігінен жерге күкірт қышқылы төгілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол апаты 6 сәуірде облыстық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Үлкен Нарын-Рахман қайнарлары» тасжолының 136-шақырымында болған. Анықталғандай, ауыр жүк көлігі жеңіл көлікпен соқтығысқан. «ВАЗ 21214» автокөлігінің 67 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, қарсы бағытта келе жатқан ауыр жүк көлігіне соғылды. Жеңіл көліктің жүргізушісі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды», - делінген ақпаратта. Апат салдарынан ауыр жүк көлігінен күкірт қышқылы жерге төгіліп кеткен. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің мамандары келді. Олар төгілген күкірт қышқылының мөлшерін және оның топыраққа қаншалықты сіңгенін анықтау үшін жерден сынама алды.