Бұған қаражат аудандық бюджеттен қарастырылыпты. Мердігер табылса, жұмыс биыл басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Ресми мәліметке сүйенсек, ескерткіш қоладан құйылған. Жуықта аудандық мәслихат сессиясында 2023 жылға бюджетті нақтылау кезінде "күн көсемнің" монументін жөндеу жағы сөз болды. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі басшысының мәліметінше, бұған 1 миллион 449 мың теңге бөлінбек. Ресми мәліметке сүйенсек, ескерткіш 1962 жылы бой көтеріпті."Ескере кететін жайт, монументтің өзін емес, тұғырын жөндеу жоспарланды. Уақыт өткен сайын біртіндеп тоза бастаған. Бірде аяз, бірде жылымық ауа райы әсер етпей қоймады. Плиталарын алып, оның орнына бетон құяды", – деді "Шыгыс Строй Проект" ЖШС басшысы Сергей Оградов.Аталған жаңалық әп-сәтте өңір тұрғындары мен желі қолданушыларының наразылығын туғызды."Үш миллион қазақты, жиырма мың зиялыны қырып тастаған қызылдардың мүсінін құлатуды емес, жөндеуді жоспарлап отырғандарыңыз қызық екен. Ендеше ұсыныс бар, Ленинді басын идіріп, тізерлетіп қойыңыздар. Мұндай мүсініне ешкім қарсы болмайды", – деді Арман Әділбек әлеуметтік желіде.Нұрсерік Қасымжомарт "Өзге түркі халықтарынан ұят қой?" деп келте қайырды. Дегенмен аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова қаражат бөлініп қойғанын және оның Алтай қаласының орталық алаңын жөндеуге жұмсалатынын алға тартты."Иә, Ленин ескерткіші әлі тұр. Бірақ осыдан үш жыл бұрын біз аудан мен қала атын Алтай деп (Алтай ауданы, Алтай қаласы) ауыстырдық. Қаражат алаңды жөндеуге бөлінді. Болашақта осы алаңды өзгертуге үлкен жоба дайындалуда", – деді Жанна Асқарқызы.