Қасиетті Ораза Айт мерекесінің бірінші күнінде Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ШҚО өкілдігі арнайы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясымен, жоғары оқу орындарының студент жастарымен, өңірлік Достық үйімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, көктемгі су тасқыннан зардап шеккен Солтүстік өңіріне гуманитарлық көмек жіберді. Тасқыннан зардап шеккен аймақтар үшін көмек қолын созуға бүкіл облыс тұрғындары белсене қатысып, еріктілерден құралған фронт-офисінің штабы негізінде 19 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бүкіл Шығыс жұрты қиын жағдайға тап болған бауырларымызға көмек жинап, барынша қолдау білдіруге ниет етті. Өңір тұрғындары ерікті негізде күн-түн демей қабылдау пунктеріне азық-түлік, төсек-орын жабдықтарын, құрылысқа қажетті заттарды әкеліп, қамқорлық пен қолдау танытып жатты. Облысымыздың тұрғындарына айтар алғысымыз шексіз. Ел басына күн туғанда татулығымызды таныту әрі нығайту – өте маңызды, - деді ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай. Сонымен қатар облыстық «Халифа Алтай» мешіті 1,5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.