Шығыс Қазақстан облысында газ стансасында болған жарылыстан зардап шеккен екі адам ауруханадан шығарылды.Еске сала кетейік, 22 маусымда Шемонаиха қаласында газ құю стансасында болған жарылыстан төрт адамды күйік шалған еді. Бірінші екі ер адам, содан кейін тағы бір азамат пен әйел ауруханаға жатқызылды. 26 маусымда денесін 100 пайыз дерлік күйік шалған екі адамның көз жұмғаны хабарланды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде жағдайы жақсарған екі пациент ауруханадан шығарылды. «59 жастағы әйел мен 24 жастағы жігіт үйге жіберілді. Бірақ травматологтың амбулаторлық бақылауында болады. Жарылыстан ер адам денесінің 20 пайызын күйік шалған. Ал сол стансада жұмыс істейтін әйелді жарылыс толқыны бірнеше метрге ұшырып жіберген», - делінген ақпаратта. Науқастар өздерін емдеген дәрігерлерге шынайы ризашылығын білдірген.