Шымкент тұрғыны өзін "қалалық полиция департаментінің жедел уәкілі" деп таныстырған адамға бұрынғы күйеуімен туындаған мәселесін шешіп беруді өтініп, 1 млн теңгеге жуық ақша берген. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталында хабарланды. Полицияға шағым түсірген әйелдің сөзінше, өзін "қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі" ретінде таныстырған азамат оған бұрынғы күйеуінен ала алмай жүрген қарызын қайтаруда көмектесе алатынын айтқан. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, оның бұрынғы күйеуімен туындаған мәселесін шешіп беретініне сендірген. Бірақ азаматтың бұл "көмегі" тегін болған жоқ. Әйел алаяқпен танысқаннан кейін үш айда шамамен 1 миллион теңге жинап, ақшаны алаяққа табыстаған. Шынайы полицейлерден мұндай ер адам полиция басқармасында ешқашан жұмыс істемегенін білген әйел таң болады. Ведомство ақпаратынша, аталған факті "Алаяқтық" бабы бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Тергеу барысында жиналған қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды. Сотталушы өз кінәсін мойындап, өкініп, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық көлемде өтеген.