Шымкентте екі қыз күйеу жігіттен қалыңдыққа "опасыздық жасаған" видеоны көрсетеміз деп ақша бопсалаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.Ер адам Әл-Фараби ауданының полицейлеріне бопсалау туралы арызбен жүгінген.Жәбірленушінің айтуынша, екі қыз оны алдап үйіне шақырған. Олар - жігіттің бұрынғы танысы. Жігіт пәтерге кірген бойда қыздардың бірі болып жатқан жайтты жалған сипаттап, оны смартфонға түсіре бастаған. Алдағы үйлену тойын білген құрбы қыздар күйеу жігіттен видеоны өшіру үшін 200 мың теңге талап етіп, видеоны қалыңдыққа көрсетеміз, тойыңды бұзамыз деп қорқытқан.Сүйіктісін жоғалтқысы келмеген ер адам олармен келісімге келіп, оқиға туралы полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары қыздарды қылмыс үстінде ұстады."Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркелді. Қазір Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оның нәтижесімен іс бойынша процестік шешім қабылданады", - деді тергеуші Жалғас Халила.