Шымкентте есірткі қойып кетуші ұсталды. Polisia.kz. мәліметінше, қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын таратпақшы болған 26 жастағы әйелді құрықтады. Тексеру барысында аталған азаматшаның қалтасынан жасырын орындарға тығу жоспарланған есірткі заттары салынған жалпы 8 дана полиэтиленді орамалар тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің синтетикалық түріне жататыны нақтыланып, жалпы салмағы 300 грамды құраған.Ұсталған әйел аталған есірткі заттарын өткізу мақсатында қала аумағында жасырын орындарға қойып кетпекші болған. Бүгінде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полиция қызметкерлері есірткіні өткізумен байланысты қылмыстар ауыр санаттағылар қатарына жататынын ескертеді.