Шымкентте субұрқақта шомылған 10 жасар бала мерт болды.Қайғылы оқиға кеше кешкісін болды. Н.Назарбаев даңғылында орналасқан субұрқаққа суға түскен 10 жастағы жеткіншек оқиға орнында жан тапсырды. Бұл туралы сағат 19:30 шамасында Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларды басқару басқармасына хабарлама түскен. «Бала ата-анасының қадағалауынсыз жүрген. Қазір Полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындады», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратта. Жалпы Шымкент қаласы аумағында суда жаппай демалу, туризм және спортпен шұғылдану үшін 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде үшеуіне шомылуға рұқсат етілген. Ал қала аумағында жалпы 32 фонтан бар. Оның 25-і жұмыс істеп тұр.