Шымкентте неміс компаниясының атын жамылған контрафакт түсқағаз желімі тәркіленді. Әділет департаментінің қызметкерлері «Henkel» компаниясы өкілдерінің шағымымен көтерме тауар сатумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің біріне тексеру жүргізді. Нәтижесінде құны 7 млн теңге болатын 14 мың бумадан астам заңсыз өнім анықталған. Қазір кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әділет министрлігі бұл өнімнің сот шешімі бойынша жойылатынын айтты. Сондай-ақ, жалған өнімдер адам өміріне қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті. Талғат УӘЛИ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Өнімдерге көбінесе токсиндер, аллергендер, консерогендер, ауыр металдар т.б. зиянды, тыйым салынған заттар бар екенін ескерткім келеді. Дәл осы контрафакті өнімдерде жиі кездеседі. Сондықтан көрсетілген сипаттамаға, сапаға сәйкес келмейтін өнімді пайдалану улану, аллергия, ағзаның дұрыс жұмыс істемеуіне әкеп соғуы мүмкін.