Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты полиция қызметкерлеріне қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Ресми мәлімет бойынша, іс қысқартылған тәртіпте қаралған. Сотталушылар Б. және Д.-ға "Лауазымды тұлғалардың адамдар тобында алдын ала сөз байласып, бопсалау арқылы пара алуы" бабы бойынша айып тағылды. "Лауазымды тұлға бола тұра, Шымкент қаласы ПД аға тергеушісі сотталушы Б. және Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің тергеушісі сотталушы Д., тіркелген қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру тобының мүшесі ретінде жәбірленуші Ә.-нің жалған атпен модельдік агенттікте тіркелгенін және оның әлеуметтік желілерде порнографиялық сипаттағы бейне және фотосуреттері барын анықтаған. Жәбірленуші Ә.-ден куә ретінде жауап алу кезінде, видеолар мен фотосуреттерді ата-анасына жіберіп, өзін қамауға аламыз деп қорқытқан. 2023 жылдың 6 желтоқсанында Шымкент қалалық ПД ғимаратында Б. және Д., жәбірленушіден 300 мың теңге көлемінде пара алған", – делінген сот хабарламасында. Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, соттан оларға айыппұл салу жазасын беруді сұрады. "Сотталушылар Б., Д., әрқайсысына мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 35 еселенген сомасында – 10 500 000 теңге айыппұл салынды", – делінген сот қаулысында. Сотталушылар полиция майоры мен лейтенанты атақтарынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.