Шымкентте полиция басқармасының патрульдік көлігі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Куәгерлердің айтуынша, жаяу жүргіншілер жолағында 39 жастағы әйел мен 10 жастағы қыз өтіп бара жатқан. Көлік екеуін де қағып кеткен. Оқиға 3 тамыз күні кешкі сағат бестер шамасында болған. "Әйелдің жағдайы ауыр. Мұнда бөтен көлікпен келген полицейлер әйелді басқа ауруханаға ауыстырып, іздерін жасыруға әрекет етуде. Алайда мен оған рұқсат бермеймін. Мұнда камералар жұмыс істейді", - дейді оқиға куәгерлерінің бірі. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы әйел мен қыздың жағдайынан хабар берді. "Әйел жабық бас-ми жарақаты диагнозымен жатқызылды. Қыз балаға жабық бассүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, оң жақта қабырға асты аймағының тері асты гематомасы, іштің доғал жарақаты диагнозы қойылды", - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы. Полиция қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл іс Қалалық полиция басқармасының бастығы Қайрат Далбековтың бақылауында. Тиісті сараптамалар тағайындалды. "Жаяу жүргіншілер жолағында Тұран Полиция басқармасының жүргізуші-полицейі қызметтік көлігімен екі адамды қағып кеткен. Аталған факт қалалық полиция департаментінің ТЖД-да ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша тіркелді, - деп хабарлады полиция. Департамент жәбірленушілер мен олардың туыстарынан полиция қызметкерінің әрекеті үшін кешірім сұрады. Жүргізуші екі мың АЕК-ке дейін айыппұл төлейді немесе нақты мерзімге қамалуы мүмкін. Оны дәрежесінен айыра ма, жоқ па, Ішкі істер министрлігі шешеді.