Қаратау АПБ-ның "102" арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз тұлғаны ұрлық үстінде ұстағанын айтты, - деп kaz.zakon.kz.Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барды. Белгілі болғандай, ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды. Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер, оқиғаға бей-жай қарамай дер кезінде оны ұстаған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. "Жергілікті тұрғын бұған дейін есірткі қылмысы үшін істі болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі", – дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет. Қоғамдық қордың иесі құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытпаған азаматтарға және тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.