Шымкентте жылу жүйесінен шыққан ақау салдарынан біршама көп қабатты тұрғын үйлер жылу жүйесі мен ыстық судан ажыратылды. Қалалық әкімдік тарапынан таратылған ақпаратқа сүйенсек, А. Байтұрсынов пен Мәделі қожа көшелерінің қиылысында диаметрі 159 мм болатын жылу құбырынан ақау шыққан. Салдарынан «К-24» қазандығынан жылу алатын Әлімбетов көшесі № 45 «Б», Мәделі қожа көшесі № 48, Қонаев даңғылындағы № 63 көпқабатты тұрғын үйлер уақытша жылу жүйесі мен ыстық судан ажыратылды.Сондай-ақ, Тұран-1 мөлтек ауданындағы № 36 және № 26 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін ішкі орамдық жылу желілерінде де (диаметрі 133 мм) ақау шыққан. Ақауды қалпына келтіру үшін Тұран-1 шағын ауданындағы 359/26, 359/28, 359/36, 359/31, 359/30 көпқабатты тұрғын үйлерге уақытша жылу мен ыстық су беру тоқтатылды.«Қазіргі уақытта „Қуатжылуорталық-3“ МКК-ның мамандары тарапынан 4 бригада және 5 техника жасақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ақау шыққан екі нысанға арнайы барып, жағдайды біліп, бақылауына алды. Оған қоса, тиісті аудан әкімдігі және „Қуатжылуорталық-3“ МКК-ы тарапынан аталған үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді» - делінген Шымкент қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.