Бүгін Сиднейдің орталық бөлігіндегі ғимарат қызыл жалынға оранып, қабырғасы опырылып түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ABC.net.au басылымына сілтеме жасап.Өрт бүгін жергілікті уақытпен сағат 16:00-ден кейін Рэндл-стриттегі тарихи мұралар тізіміне енген ғимаратта болған. Тілсіз жаудың кесірінен көшедегі қозғалыс тоқтап, ғимарат қабырғалары құлады.Жаңа Оңтүстік Уэльстің өрт сөндіру-құтқару қызметінің 100-ден астам қызметкері Сарри-Хиллз ауданындағы өртті сөндіруге жіберілген. Өрт салдарынан көпқабатты үйдің қабырғалары да опырылып түскен. Өрт сөндірушілер жалын көршілес ғимараттарға да тарай ма деп қауіптеніп отыр. Куәгерлердің бірі алдымен ғимараттан түтін шығып жатқанын көргенін айтады. Содан кейін өртке оранып, қабырғасы құлаған.«Айнала у-шу болып жатты. Жер қозғалды», - дейді ол. Тағы бір куәгердің айтуынша, жалынның ыстығы бет шыжғыратындай болған. Жақын маңдағы шинасы жарылған көліктердің дауысы естілген. «Өрттің аумағы мына ауруханамен бірдей болды», - деді куәгер әйел көрші ғимаратты көрсетіп. Айтуынша, он минуттан кейін ғимараттың қабырғасы опырылып түскен.Бір өрт сөндірушінің қолын аздап күйік шалған. Бұдан өзге өрттен зардап шеккендер мен көз жұмғандардың бар-жоғы әзірге белгісіз болып отыр.