Сириядағы жер сілкінісінен үш айға жуық уақыттан кейін құтқарушылар үйінді астынан тірі қалған ер адамды алып шықты.Akhbar.fouri хабарлауынша, 16 мамырда желіде таратылған видеолардан бет-аузын сақал-мұрт басқан, қатты азып, терісі сүйегіне жабысып қалған ер адамның құтқарылған сәтін көруге болады. Оның мұнша уақыт ішінде қалай аман қалғаны белгісіз. Құтқарушылар ер адамды дәрігерлерге тапсырды. Қазір ауруханада емделіп жатыр. Айта кетейік, Сирияда 6 ақпанда күшті жер сілкінісі болды. Бірнеше күн бойы тірі қалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді. Жер сілкінісінен соң сегіз күн өткеннен кейін жергілікті билік 1500-ге жуық тұрғынның қаза тапқанын хабарлады. Жер сілкінісінің ошағы көршілес Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған. Мұнда президент Режеп Тайып Ердоған айтқандай, 49 мыңнан астам адам апаттың құрбаны болды. Магнитудасы 7,7 және 7,6 болатын дүмпулер екі елде тоғыз сағаттық аралықпен болды. Оның әсері Ливан, Ливия, Грузия, Армения, Израиль және Кипрде де сезілді. Анкара жер сілкінісін «ғасыр апаты» деп атады.