Солтүстік Қазақстан облысында 36 елді мекеннің 2530 тұрғыны жарықсыз отыр. Оның бір бөлігінің электр қуатынан ажыратылғанына бүгін алтыншы тәулікке кетті, деп хабарлайды Kazinform.СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Өңір басшысы облыста жарықтың жиі сөнуіне қатысты мәселеге де тоқталды. 18 қараша күні болған боранда электр желілері үзілген ауылдардың кейбірі әлі күнге дейін жарықсыз отыр. «Қолайсыз ауа райынан 183 елді мекенде электр энергиясы сөнді. Облыста барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін Штаб жұмыс істейді. Бірінші кезекте барлық әлеуметтік нысандар бақылауға алынды, оларды үздіксіз жылыту үшін резервтік қуат көзіне қосылды. «СевКазЭнерго» АҚ электр тірегінің зақымдануына байланысты Мағжан Жұмабаев ауданы толығымен қуатсыз қалды. Булаево және қалаға жақын ауылдарды жедел түрде энергиямен қамтамасыз ету үшін Ресеймен келіссөздер жүргізіліп, уақытша шешім ретінде көрші елден қуаттандыру туралы келісімге қол жеткізілді. Ауданның қалған бөлігі Ақмола облысының «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің желілеріне жалғанды. Қазіргі уақытта «Көкшетау Энерго» компаниясының жөндеу-авариялық бригадалары 3 ауданның 10 ауылында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, «СевКазЭнерго» АҚ-ның 46 жөндеу-авариялық бригадасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Бұл компания 6 ауданның 30 ауылында жөндеу жұмыстары жүргізіп жатыр. Бұл мәселе үнемі бақылауда», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта 9 ауданның 36 елді мекені жарықсыз отыр. Бұл ауылдарда 2530 тұрғын бар. Оның бірқатарында жарық кешегі боранда сөніп қалған.