Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан полиция қызметкері ұсталды деп хабарлады turkystan.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.Ведомствоның мәліметінше, 6 мамырда сағат 13:00 шамасында «Сапсан» жедел тобы мен СҚО аумақтық инспекциясының қызметкерлері бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізген. Іс-шара барысында Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Киалы ауылдық округі Барыкөл ауыл маңындағы «Шағлытеңгіз» көлінің жағасында жабайы құстарды (қаздарды) рұқсат құжаттарынсыз, заңсыз аулағаны үшін петропавлдық 4 тұрғын ұсталды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкері бар. Аталған азаматтардан және полиция қызметкерінен заңсыз ауланған жабайы қоныс аударатын қаздардың 31 ұшасы, 2 бірлік моторлы қайық, 3 бірлік 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленген. «31 жабайы қазды заңсыз ату нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 800 000 (алдын ала есептеу бойынша) теңгені құрады. Оқиға орнына Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазір оқиға орнын тексеріп, тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деп қосты аталған министрлік. Заңсыз аң аулау фактісі 2023 жылғы 6 мамырдағы № 235958031000044 Аққайың ауданының СДТБД-де ҚК-тің 337-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді (адамдар тобымен жасаған заңсыз аңшылық). Қылмыстық қудалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.