Петропавлдағы №4 мектепте сабаққа балта ала барып, 3 оқушыны жарақаттаған жасөспірімді тоқтатқан Нұрислам Сандыбай мен Алдияр Нұртаев марапатталды. Ақпанның 13 күні таңғы 7:50-де Петропавлдағы №4 мектепте оқыс оқиға тіркелді. 15 жастағы бала балтамен және пышақпен қаруланып, алдынан шыққан үш оқушыны жарақаттаған. Оларға бірден медициналық жәрдем көрсетілді. Болған жағдайды көрген 9-сынып оқушысы қарулы балаға қарсы тұрып, қолындағы балта мен пышағын тартып алады. Ерлік көрсеткен ұлдарға алғыс хат табыс етілді. «Мектепке келіп, сөмкемді сыныпта қалдырдым. Кейін дәлізге шығып, достарыммен әңгімелесіп тұрдым. Бір кезде қасымыздан бетперде киген, қолында пышақ пен балтасы бар бала жүгіріп өтті. Қарсы келе жатқан қызды ұра бастады. Басында бұл ойын шығар деп ойладық. Алайда, қыз жылай бастағанда көмектесу керек екенін түсіндім. Сол сәтте өзімді жарақаттауы мүмкін деген ой басыма да келмепті. Басты мақсатым шабуылдаған баланы тоқтатып, жылап жатқан қызды құтқару еді. Мен ол балаға жармасқан кезде көмекке Алдияр келіп, қолындағы қаруын тартып алды», - дейді 9-сынып оқушысы Нұрислам. Оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша қамауда. ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері екі баланың ата-анасына да алғыс білдірді. Мектеп оқушыларымен кездесу барысында ақпараттық-насихаттау тобы жастарға әскери салада еңбек ететін мамандарға қандай жағдай жасалғаны туралы айтып, болашағын осы мамандықпен байланыстыруға шақырды. Жалпы, жыл сайын ҚР Қарулы күштерінің және басқа да әскерлерінің құрамына ел бойынша 35 мыңнан астам жігіт шақырылады. Оның жартысы, яғни 18 мыңы осы көктемде борышын өтеуге аттанбақ.