Солтүстік Қазақстан облысы Новокаменка елді мекенінің маңында жол-көлік оқиғасы болып, жеті адам зардап шекті.Жол-көлік оқиғасы Қызылжар ауданы Новокаменка елді мекенінің маңында бүгін шамамен сағат 14.00 шамасында болды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жезқазған-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолда «Тойота Камри» және «Део Нексия» көліктері соқтығысып қалған. Салдарынан көлікте болған жеті адам зардап шекті. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі бригадалары оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін үйлеріне жіберді. Көлік жүргізушілері медициналық куәлендіруден өткізілді, екеуі де спирттік ішімдік ішпеген. Ал машиналары арнайы автотұраққа қойылды. Жол-көлік оқиғасы көлік құралдарын басқарған адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзудан абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекет фактісі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.