Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу шаралары жүйелі жүргізіліп, жағдай тұрақтала бастады. Бұл туралы СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев мәлімдеді.Оның айтуынша, Сергеев су қоймасы 152 пайызға толып, қауіп төндірген. Десе де, алдыңғы күні судың деңгейі 23 см-ге төмендеп, уақыт өткен сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. «1 мамырдан бастап СҚО аумағында судың тұрақты төмендеуі болжанып отыр. Қазіргі уақытта су астында қалған 3702 үйдің 196-сынан су сорылды. 14 388 адам эвакуацияланды», - деді Евгений Журавлев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Бүгінде халықты уақытша орналастыру пункттерін 906 адам паналап отыр. Су тасқынына қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.