Қызылжарда суға кеткен үйлердің саны екі мыңнан асты. Есіл өзенінің деңгейі сағат сайын көтерілуде. Тасқынға қарсы шаралар күшейтілді. Аймаққа жан-жақтан гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Өңірден-Абзал Құрманкин.Екі апта бұрын басталған тасқын Петропавлдың төменгі жағын бүтіндей басып алды. Облыс бойынша 2120 баспана суға кетті. 10 мыңнан астам адам үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшкен. Галина МИШАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:Қазір үйіміздің тек төбесі ғана көрініп тұр. Бірнеше күннен бері эвакуациялық бекетте жатырмыз. Бұл жерде барлық жағдай бар. Тамақ жеткілікті, төсек орын таза. Үйлерін су басқан тұрғындарға жан-жақтан көмек көрсетілуде. Осы уақытқа дейін бірқатар аймақтан резеңке етіп, азық-түлік, су сорғысы тиелген 15 фура мен 30ға жуық газель келген. Оның барлығы талан-таражға түспей, тек тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға ғана жетуін Қазақстан халқы ассамблеясы жіті бақылауда ұстап отыр. Елена СЕМИДОЦКИХ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ СҚОФ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:Біз тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тізімін құрып, ақпараттық базаға кіргіздік. Қалада гуманитарлық көмекті тарататын төрт бекет бар. Заттар халыққа берер алдында, еріктілер тұрғындардың куәлігін және мекен-жайын анықтайды. Ол тізімде болса, көмек беріледі. Есілдің тереңдігі 12 метрге дейін жеткен. Өзеннің көтерілгені сонша, қаладағы ең ірі көпірге дейін санаулы сантиметр қалды. Қымбат МЕРҒАЛЫМОВА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РКҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:Есіл өзені деңгейінің көтерілу қарқыны біртіндеп баяулайды. Сәуірдің 17-і күні өзен деңгейі шарықтау шегіне жетеді. Артынша біршама түсетін болады. Топан су қалаға кіретін үш жолдың екеуін басып қалды. Қазір бұл жолмен тек жүк көліктер ғана қатынауда. Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:Әлі қауіп жоғары. Шамамен бір аптадан кейін қалаға топан судың екінші толқыны келеді дейді мамандар. Оған дейін мына судың деңгейі түсіп үлгеруі керек. Қазір бар құрылым тасқынға тосқауыл шараларына жұмылдырылған.