Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов хабарлады. Бұл туралы Aikyn.kz жазады. Оның айтуынша, Алматыда скринингтік тексеруден өткен 207 адамнан қатерлі ісік анықталды. Осы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 38,7%-ға өскен екен. Сол аралықта Алматыда қатерлі ісікті ерте анықтау бойынша скринингтік тексеру жалпы скринингтік жоспардың 88,8%-ын қамтыды.«Скринингтік тексерудің барысында 207 қатерлі ісік, оның 194-і (93,7%) ерте сатысында анықталды. Сондай-ақ 922 науқаста қатерлі ісіктің даму қаупін тудыратын ісік алды ауруы анықталды. Барлық науқас уақытылы мамандандырылған еммен қамтамасыз етілді. Қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтау тиімді, тіпті толық емдеуге де мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлтан Ізмағамбетов. Ол скринингтік тексеруден кім және қашан өте алатыны туралы айтты. «40-70 жас арасындағы әйелдер сүт безі обырына 2 жылда бір рет маммографиялық скрининг, 30-70 жас арасындағы әйелдер 4 жылда бір рет ісік алды және жатыр мойны обырының цитологиялық скринингі, 50-70 жас арасындағы ерлер мен әйелдер 2 жылда бір рет жасырын қанға тест көмегімен колоноскопия арқылы тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігі, ісік алды ауруларына скринингтен өте алады», – деді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов.