Биыл солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы жылдағыдан ерте басталуы мүмкін. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалды. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа-райына байланысты мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар», - деген үкімет басшысы дайындығы кестеден кешігіп жатқан өңірлерге тоқталды. "Сонымен бірге, кейбір жылу көздерін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін. Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4-ші қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4-ші қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ. Ал №9 қазандықта жұмыстардың 4%-і ғана орындалған. Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде», - деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ, ол бұл кешігулер жылыту маусымының басында соншалық ауырлық түсірмейтінін атап өтті. «Жылыту маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатынын ескерсек, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеу керек. Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуі тиіс. МАЭК-те №3 энергоблокты жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылды. Бүгінде №2 энергоблокта авариялық жөндеу жүріп жатыр Өткен аптада мен Маңғыстау облысында болып, МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Өңір әкімдігі жөндеу жұмыстарының аяқталуы мен кәсіпорынның тұрақты жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет», - деді Премьер-Министр.