Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасы арнасынан асты. Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр. Оған жақын орналасқан 30 елдімекенге қауіп бар. Петропавл қаласы мен Тайынша ауданында төтенше жағдай жарияланды.Тасқыннан Тайынша ауданы зардап шекті. Еріген қар суы үш ауылдың ішіне кірген. Әсіресе Красная поляна елдімекенінде жағдай күрделі. Бұл жерде 8 үйді су басқан. Ядвига КНАУБ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 2016 жылы бізді кенеттен су басты. Ал биыл біз тасқынның болатынын әу баста білгенбіз. Сондықтан дайын болдық. Алдын ала су сорғысын алып, үйге кірген суды бірден сыртқа төгіп жатырмыз. Облыс бойынша 28 жолды су басты. Кейбір жерде еріген қар суын өткізу үшін төтенше жағдай мамандары жолды қопарып тастаған. Жалпы 8 елдімекенге су кірген. Қазір ол аумақтардағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде. Мұрат ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бізге Түркістан облысынан 56 құтқарушы келді. Қазір облыс бойынша төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция департаментінің тарапынан 500ден астам адам мен 150 техника жұмылдырылған. Бүгінде жағдай тұрақты. Әзірге су сорғылары мен техника жеткілікті. Жақын арада Ақмола облысынан еріген қар суы келуі мүмкін. Сондықтан біз жағдайды күні-түні бақылап отырмыз. Кеше кешке Солтүстік Қазақстандағы ең ірі су қоймасы арнасынан асып, Есіл өзенінде су деңгейі көтерілді. Казгидромет мамандары, бір аптада жағдай күрделене түседі дейді. Наталия ЛЕВИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сергеев су қоймасында өзен деңгейі шарықтау шегіне жеткен кезде біз Петропавлда судың қаншалықты таситынын айта аламыз. Қазір Ғабит Мүсірепов ауданында су күрт көтеріліп жатыр. Ол жерде өзен деңгейі 1.5 метрге көтерілді. Сергеев су қоймасында да су көлемі тез ұлғайып жатыр. Жалпы биылғы көктемде Петропавл арқылы өтетін судың көлемі 2.4млрд текше метріне жуықтайды деп болжамдап отырмыз. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен бірдей. Сергеев су қоймасынан тасыған су Петропавлға шамамен бір аптадан соң келеді. Жағдай бақылауда.