Солтүстік Қазақстанда тасқын жұртты әбігерге салуда. Өзен деңгейі көтеріліп, бірнеше тас жолды су басты. Төтенше жағдай мамандары асфальттың жан жағын бөгеттермен бекітіп әлек. Оны жағалай қоныстанған ауылдың тұрғындарына қауіп бар ма? Өңірден Абзал Құрманкин.Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Төтенше жағдай мамандары болжағандай тасқын әуелі Мүсірепов, Айыртау мен Тимиряз аудандарында басталды. Бұл жақта қысты күні жауын шашын көлемі қалыпты мөлшерден көп түскен. Енді міне еріген қар суы тұрғындарды әбігерге салуда. Соңғы екі күннің ішінде облыстағы жеті тас жолды су басты. Ағынның тереңдігі әзірге 10 сантиметрден аспай отыр. Алайда судың екпіні күшейсе, асфальтты шәйіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдай дәл осы жерде бірнеше жыл бұрын да болған дейді мамандар. Өңірдегі өзендер жүйесінің күретамыры болып саналатын Сергеев су қоймасы толып, бөгеттен асты. Су деңгейі 120 см-ден жоғары. Бірақ құзырлы орган өкілдері уайымдаудың қажеті жоқ дейді. Сәкен АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД ЕСКЕРТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Былтыр Сергеев қоймасында су деңгейі 47 см көтерілді. Биыл қар көп. Бірақ соның өзінде 2 метрден аспауы керек. Сол себепті қауіпті аймақта орналасқан ауылдарды су баспайды деп болжап отырмыз. Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Сала мамандары тасқын былтырғыдай бір емес, екі толқынмен өтеді деп болжап отыр. Себебі Есілге шағын өзендерден де су келіп құйылуы мүмкін екенін айтады.