Солтүстік Қазақстан облысында қатты аязға байланысты сабақтар қашықтан оқу форматына ауыстырылды.Өңірде 30 градус аяз болып тұр. 0-11 сынып оқушылары бүгін үйде қалып, сабақты онлайн өткізеді. Синоптиктердің болжамынша, қатты аяз бірнеше тәулікке созылады. “Қазгидромет” РМҚ бөлімшесінің ақпараты бойынша, бүгін, 7 желтоқсанда қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде және күндіз 27-32 градус аяз болып, ары қарай төмендей береді. Ертең, 8 желтоқсанда, күн ашық болады. Солтүстіктен, солтүстік-батыстан соққан жел екпіні секундына 3-8 метрге жетеді. Термометр бағаны түнде 33-38 градусқа, солтүстігінде минус 41 градусқа дейін төмендейді, күндіз минус 28-33 аралығында болады. Жұма, 9 желтоқсанда облыстың солтүстік өңірлерінде қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Түнде ауа температурасы 33-38 градус аяз, солтүстігінде минус 41, күндіз 26-31 градус аяз болады.