Солтүстік Қазақстан облысына Мұхаммед Пайғамбардың мүбәрак шашы әкелінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. Телеарна мәліметінше, арнайы құтыға салынған асыл жәдігер уақытша ислам мәдениеті музейіне қойылған. Пайғамбардың шашы қазір Шымкент тұрғынының қолында екен. Ерте кездері оны өзбекстандық ғалымдар сыйлаған. Арнайы құжаты да бар. Ал ол "Тасаттық" намазы оқылған кезде өңірге береке әкелсін деген ниетпен жеткізілген. Бүгінде еліміздің солтүстігінде аптап ыстық. Ауа-райы 35 градустан төмендемей тұр. Сондықтан мұсылмандар қауымы Алладан жаңбыр сұрап, діни рәсім ұйымдастырып жатыр. "Әмір Темірдің кезінде қызмет қылған үлкен ғұлама кісілердің ұрпақтарынан ұрпақтарына, аталарынан жетіп отырған, сақтап отырған. Бұл тек бір кісінің үйінде тұрмауы керек. Халық көруі керек. Халық сол жерде салауат айтуы керек. Соны көріп, пайғамбарға деген сағынышын сол жерде басуы керек", - деді "Қазақстан қажылар қауымдастығы" Түркістан облысы филиалының төрағасы Қалиолла Маджанов."Елге дұға жасау, жаңбыр тілеу. Егініміз, еккен дақылдарымыз бітік шықсын деген мақсатта осы "Тасаттық" намазын оқығалы отырмыз. Енді, әлбетте, бұл істің берекесін арттырудағы мақсаты - Пайғамбарымыздың мүбәрак шашы. Арнайы алдыртып отырмыз. Пайғамбарымыздың әрбір жүрген жері берекелі болған ғой. Сол бір берекесі тие ме деген мақсат. Адамдардың ниетіне байланысты. "Тасаттық" бүгін қаламызда болады", - деді Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.