БҰҰ-ның Орталық Азия елдері құрлықаралық көпірге айналды. Саммит отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент көтерген бастамаларды Бекболат Сатуов айтып береді. Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында алдымен Әзербайжан Президентімен кездесіп, өзара келіссөз жүргізді. Кездесу барысында мемлекет басшылары Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Ильхам ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ: Біз екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді. Мұның солай болатын жөні бар. Мемлекет басшысы Саммит арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, кездесудің символдық мәні зор деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бүгінгі кездесу нәтижесінде біздің ашықтық, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген көпжақты ынтымақтастығымыздың көкжиегі кеңейетініне сенімдімін. Геосаяси тұрғыда бөлшектену белең алып, жаһандық экономиканың конъюнктурасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда Арнайы бағдарламаның мән-маңызы арта түседі. Президент елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады деп сенім білдірді. Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылыс жасап отыр. Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырды. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, СПЕКА елдері Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл – орасан зор мүмкіндік. Оны дамыта түсуіміз керек. Бұл ретте халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артамыз. Орта дәлізді «Бір белдеу, бір жол» жобасымен, сондай-ақ Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың әлемдік саудаға мультипликативті әсері зор болатынына сенімдімін. Қазіргі геосаяси жағдайда логистикалық қызметтерді жетілдіру қажет. Сондықтанда сарапшылар президенттің саммитте айтқан әрбір мәселесі ел болашағы үшін маңызды дейді. Николай КУЗЬМИН, САРАПШЫ: Экономиканың ғана емес, геосаясаттың да басты мәселелерінің бірі-сауда маршруттары мен көлік дәліздері. Бізде көлік саласында бұрыннан келе жатқан ынтымақтастық бар. Қазақстан мұнайды құбыр арқылы Еуропаға Баку - Тбилиси – Джейханға жеткізеді. Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі Саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.