«Сап-сау жүрген балам бір күнде сал болып қалды». Телеарнамызға хабарласқан жалғызбасты ана осылай дейді. Спорт үйірмесіне кеткен 14 жастағы жеткіншек үйіне ауыр жарақатпен қайтқан. Жаттығу кезінде бір жасөспірімнің аяғы екіншісінің басына тиіп, баланың оң жақ беті істемей қалған көрінеді. Аружан Задабек тараптармен тілдесіп, мәселенің анық-қанығын біліп қайтты. Айжан Сейітбекова – екінші топтағы мүгедек. Жалғызбасты ана. Ағжан оның жалғыз ұлы. Жасөспірім спортты жақсы көреді. Бұған дейін қалалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлде иеленген. Айжан жаттығудан қалмай баратын баласының бір күнде мүгедекке айналғанын айтып қынжылады. Айжан СЕЙІТБЕКОВА, А. КӨЛБАЙДЫҢ АНАСЫ: Бас сүйегін компьютерден көрсетті. Оң жақ беті майдаланып кеткен. Сол сүйегін алып тастап, полный пластика қоямыз дейді. Что бы көзді тіреп тұру үшін. Басқа никак. Балаға солай ғана көмектесе аламыз, - дейді. Ал, спорт ше десем, одан шеттеу болады, 1-2 жыл қатыспайды. Ал пластик өмір бақиға қалады дейді. Бұл – «Палуан» ережесіз жекпе-жек кешені. Мұнда 100-ден аса бала спорт үйірмесіне қатысады. Балалар сенбі күні жаттығуға жиналған. Жаттықтырушы оларды жұп-жұпқа бөліп, әдіс-тәсілдерді көрсетеді. Ол кезде Ағжан мен жанындағы досының басында «шлем» болмаған. Тренер ережелердің сақталмағанын көріп екеуіне ескерту жасап, «тебуге болмайды» деп шарт қояды. Бірақ олар менің сөзімді тыңдамады, - дейді. Самат РАХМЕТОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Бұл кезде мен басқа балалармен жұмыс істеп жатқанмын. Жаттығу кезінде болсын, жарыста болсын бізде жарақат болады. Спорт болғаннан кейін онсыз болмайды. Бірақ мен әр жарақатқа, дененің көгеруіне жедел жәрдем шақырмаймын ғой. Тек бір жері сынса, шығып кетсе жүгінемін. Сосын үйіне демал деп жібердім. Мен сабақ басталар алдында балаларға ескерттім. Олар тыңдамады. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Жасөспірімнің оң жақ бетіне зақым келген. Жақында операция жасалады. Оқиғадан кейін жеткіншектің анасы полицияға арызданған. ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: Спарринг-жаттығу кезінде жаттығушылардың бірі қарсыласының көз аймағынан тепкені анықталды. Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешім қабылданады. Жазым аяқ асты. Бойында күші қайнап тұрған жеткіншектер мұндай жағдайдың боларын білмеді. Жаттықтырушы да бір мезетте 20 балаға бас-көз бола алмағанына қынжылады. Ал ананың жанайқайын айтпаса да ұғып тұрмыз. Шешім құзырлылардың қолында.