Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген Қазақстан Республикасының Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы маңызды міндеттерге тоқталды."Біз әзірлеген Қазақстан Республикасының Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда елімізде осы салаларды дамытудың жаңа бағытын айқындадық, бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға баса назар аудардық",-деді Асхат Оралов. Айтуынша, 2029 жылға дейін еліміз бойынша 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өтеді. Ал ауылдық жерлерде осы бағытты дамыту үшін ауылдағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін ұлғаяды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады. Олардың арасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстар өтеді. Халықтың белгілі бір тобы: ерекше қажеттіліктері бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары және т.б. арасында спартакиадалар ұйымдастырылады. "113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын жаңарту және жұмыс істеп тұрған 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмысы жалғасады. Ауылдық жерлерде шағын бюджетті жазықтық спорт құрылыстарына және модульдік үлгідегі аз шығынды, тез салынатын спорт кешендеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ, министрлік жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарына түгендеу жүргізеді. Бизнесті спорттық инфрақұрылым салуға ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленетін болады",-деді министр. Олимпиадалық резервті дайындау мақсатында бүкіл ел бойынша жаттығу орталықтары құрылады, онда жыл бойы жетекші спортшылар да, басым спорт түрлері бойынша барлық дарынды спортшылар да дайындалады. Бұл орталықтарда жұмыс істеуге ғылыми қызметкерлер де тартылады. Ал облыстардың және Республикалық маңызы бар қалалардың құрама командаларын дайындау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде Астананың үлгісімен олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясын құру жоспарланып отыр. 2025 жылы спорт мекемелері, командалар құрамы, жаттықтырушылар, төрешілер және спорттық іс-шаралар туралы мәліметтер жинауға арналған e-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр.