Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы Болгарияның Варна қаласында өткен Challenger Cup турнирінде үш медаль иеленді, деп хабарлайды Zakon.kz.Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, тұтқалы ат снарядында Нариман Курбановқа тең келер ешкім болмады. Ол 15.433 ұпаймен жеңімпаз атанды. Күміс пен қоланы тиісінше Өзбекстан мен Хорватия спортшылары иеленді. Еркін жаттығуда қазақстандық Дмитрий Патанин 14.033 ұпаймен алтын жүлдегер атанды. Осы жаттығуда қола медальді тағы бір спортшымыз Салим Асанов (13.533) еншіледі. Айта кетелік, бұл Қазақстан құрамасының Олимпиада қарсаңындағы дайындық кезеңдерінің бірі саналады.