Стамбұл қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы мектеп директорын атып өлтірді.Тәртібінің нашарлығына байланысты мектептен шығарылған жоғары сынып оқушысы арада бірнеше ай өткен соң өзі оқыған білім мекемесіне барып директорды кабинетінде отырған жерінен бес рет атқан. Оқиға орнында ауыр жараланған 74 жастағы директор ауруханаға жеткізілгенімен көп ұзамай қайтыс болды. Бірнеше сағаттан кейін ұсталған 17 жастағы оқушы Түркияда оқитын Ирак азаматы екен. Ауыр қылмыс жасаған жасөспірім қамауға алынды, деп жазады qazaqstan.tv. Тергеу кезінде ол өзін мектептен қуған директорды аяғынан жаралап қорқытпақ болғанын айтқан."Директормен көрші кабинеттерде отырамыз. Мылтық дауысын естіп сыныптан жүгіріп шыққанда директорымыз да коридорға шықты. Үсті-басы қан, маған қарай жүрді де құлады. Не болғанын түсінбей директорымызды ұстамақ болдым, алайда әлім жетпей ол кісі құлап түсті. Қылмыс жасаған оқушы қашып үлгерген екен, оны көрмедім", - деді мұғалім Кадрие Девежи.