Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Тасқыннан зардап шеккен қызылжарлықтарға елдің түкпір-түкпірінен халық қол ұшын созып жатыр. Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарынан 200 тоннадан артық гуманитарлық көмек келген. Заттарды жиыстыруды “AMANAT” партиясы мен еріктілер қолға алды. Олар төрт бекет бойынша барлық затты қабылдап, артынша арнайы тізімге сәйкес оны халыққа таратып жүр. Жеңіс АСАНОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ СҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫ:Гуманитарлық көмек ретінде біз күніне бірнеше фураны қабылаймыз. Ішінде резеңке етік, су сорғылары, генератор және азық-түлік сияқты қазіргі кезде ең қажетті заттар бар. Біз бұл жерде гуманитарлық көмектің барлығын жинап, облыс бойынша таратып жатырмыз. Ел жұртына отандастарын қиын жағдайда құтқарып жатқандары үшін мың алғыс. Асқар ҚАБДУЛ, “ТОРҒАЙ ПЕТРОЛЕУМ” КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:Су тасқынынан зардап шеккен Қызылжар халқына Қызылорда облысының әкімдігі, бас демеуші Торғай Петролеум АҚ және облыс халқының атынан көмекке екі жүк азық-түлік, құрал-сайман және тағы басқа көмекке қажет аманатты жеткіздік. Ал, Павлодардан Петропавлға 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Бұған дейін де тасқыннан зардап шеккен Ақмола өңіріне де жүк көлігі жөнелтілген болатын. Бұл жолғы көмекті «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы, мәслихат депутаттары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар жинады. Ішінде тұрмысқа қажеттінің бәрі топтастырылған. Азық-түліктен бөлек, көрпе-жастық, су етік, қайық, күрек секілді құтқару құралдары да бар. Күні кеше ғана павлодарлық белсенді азаматтардың атынан да екі фура көмек аттанған болатын. Ал ертең Қостанай облысына да гуманитарлық көмек жіберіледі. Айгүл МӘЛІКОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ Бүгінгі таңда Солтүстік қазақстанға 20 тонна гуманитарлық көмек апарылды. Су, керек заттар, күрек, гигиеналық заттар, ыдыстар. Мотопомпа дейміз. Осыны Солтүстік Қазақстанға жіберіп жатырмыз. Ризат РАХЫМЖАНОВ, ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:Сәуір айының басынан біз осылай гуманитарлық көмекті жинауды жүргізіп жатырмыз. 12 күні жібердік. Ақмола облысының Атбасар мен Астрахан ауылына барып, көмекті жеткіздік.