Елімізде су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасып жатыр. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және ю басқа да облыс тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. 16 862 өтініш келіп түскен. 20 сәуірдегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем алды. 2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті. Зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді. 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді. Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар Үкіметтің қатаң бақылауында.