Өрел ауылының тұрғындары жылда су астында қалатынын айтып шағымданып отыр. Айтуларынша, температураның күрт төмендеуінен өзен арнасын мұз керіп, су ауылға қарай аққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Катонқарағай ауданына қарасты елдімекенде таңертең сынап бағанасы -30 градустан төмен болған."Таңғы сағат 08:00 шамасында басталған қарбаластан су тоқтаусыз ақты. Жергілікті әкімдік өкілдері жарытып түк бітірмеді. Көрші-қолаңда маза жоқ, жан-жақты амалдар іздеп бағуда. Сумен алысқанымызға 13 сағат болды", - деді тұрғындар.Өрелдіктер Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен."Бұл ауылдан 18 жыл бұрын көшкен едік. Кішкентай кезімде өзен арнасынан асып кетпесін деп әкем сол жақты жиі қарап жүретін. Лом, темірлер алып барып, қалың мұзды ойып жүрді. Таудан аққан өзен аязда тез қатады. Температура күрт төмендегенде бір-ақ түнде арнасынан асады", - деді осы ауданның тумасы Елена Бердюгина.Оқиға орнына барған аудан басшысы Ділдар Қалиқанның мәліметінше, үш үйге су кіріп, жертөлесіне жайылған. Аудан тұрғыны Айгүл Жасұланова алты үйді су басқанын айтты."Қазіргі уақытта аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік жұмылдырылып, мотопомпалар арқылы суды сорғытуда. Қаптарға тиісті заттар салынып, бөгеттер дайындалды. Катонқарағай ауылынан экскаватор жолға шықты", - деді Ділдар Қалиқанұлы.Жауапты тұлға кешқұрым бөліскен ақпаратында Өрелдегі ауа температурасы -29 градусты көрсеткенін айтты.