Полиция қызметкерлері БҚО Ақсай қаласында супермаркеттен 6 миллион теңге тонап, ақшалай қаражатты жымқырған күдіктіні ұстады.Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы Ақсай қаласының тұрғынын ұстады. Ол қаладағы супермаркеттердің біріне тонау қылмысын жасап, ақша ұрлады деген күдікке ілінеді. Күдікті супермаркет ауласында әкімгерді бағып тұрып, ұрып-соғып, кілтін тартып алып, дабыл сигнализациясын өшіріп, супермаркетке кіреді. Ол жерден 6 миллион теңгеге жуық апталық табыс түсімін жымқырып кетеді. Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.