Тұрғындар әлеуметтік желіде Екібастұз қалалық ауруханасының педиатриялық бөлімдегі болып жатқан жағдайды видеоға түсіріп, дабыл қағып жатыр. Шағымда бөлімше балаларға лық толы, сол себепті жатын орындар жеткіліксіз екенін және сантехникалық жабдық апатты жағдайда болып жатқаны жайлы жазылған, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz."Батареялар мен құбырлар ағып жатыр. Балалар ата-анасымен бірге бір төсекте жатуға мәжбүр. Әйнектерді мұз басып жатыр. Бөлменің қабырғасы, едені мүшкіл жағдайда. Бөлімшедегі өрт дабылы үзілген сымдарға байланысты жұмыс істемейді. Сымдар скотч арқылы жабыстырылған", - деп жазды видео авторы.Бұл жағдайға қатысты қалалық аурухана түсінік берді."Педиатриялық бөлімше 25 төсек орынға шақталған. Алайда жіті респираторлық аурулардың маусымдылығына байланысты қыркүйек айынан бастап, бөлімше шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Бүгінгі күні пациенттер саны 50-ден асады. Жүктеменің өсуіне байланысты төсек-орындар жеткіліксіз болып отыр. Аурухананың басшылығы дәрілік препараттармен, төсек-орын жабдықтарымен, тамақпен толық көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Терапевтік корпусты жөндеуге корпусты күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеу үшін құжаттар берілді. Соңғы жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілді. Ағымдағы жөндеу қажеттілігіне қарай жүргізіледі", - деп хабарлады Екібастұз қалалық ауруханасы. Сондай-ақ, 2024 жылы гинекологиялық корпус ғимаратының толық тозуына байланысты перзентханада күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.