Сырдарияда су жоқ! Тұрмысы тікелей суға тәуелді Сыр халқы тіршілік нәрінен тарығып отыр. Оны бүгін сенат депутаты Руслан Рүстемов айтты. Бұл мәселе тез арада шешілмесе, аграрлы аймақ алдағы жылдары егінсіз қалуы мүмкін – деді. Диқандар қазір күріштік алқаптарды кезекпен суарып, амалдап отыр. Ал кейбір шаруашылықтар тамшылатып суару әдісіне көшкен. Соның өзінде түйткілдің түйіні тарқатылар емес. Руслан РҮСТЕМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Су ресурстары комитеті Қараөзек арнасында салынатын су қоймасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға Қаржы министрлігіне ұсынды. Аталған мәселенің оң шешімі табылған жағдайда Қазалы ауданында 31 мың га суармалы, 120 мың га шабындық және жайылымдық жерді суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңде Арал теңізін суландыру мүмкіндігі кеңейеді. Ал, депутат Сұлтан Дүйсембинов бүгін Сенат отырысында туризм мәселесін көтерді. Әлем экономиканың 10 проценті осы салаға тиесілі. Елімізде көрікті мекен көп болғанымен, қызмет көрсету сапасы нашар, баға қымбат, шұрық-тесік жолдармен жету қиын, кадр тапшы. Президенттің биылғы Жолдауында бұл мәселе назарға алынды. Мемлекет басшысы ішкі туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сұлтан ДҮЙСЕМБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр.